Түркістан облысындағы сот жүйесінде кадрлық толықтыру орын алды. Арыс аудандық сотының судьялар құрамына жаңа судья тағайындалды.
Жаңа судьяны аудан активіне Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Едігеұлы Сұлтанов таныстырды. Оның айтуынша, Еркебұлан Алайдарұлы Есжанов Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 2 наурыздағы Жарлығына сәйкес Арыс аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалған.
Жиын барысында облыстық сот төрағасы жаңа судьяның кәсіби білімі мен тәжірибесіне тоқталып, сот төрелігін жүзеге асырудағы басты талап – заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін атап өтті. Сондай-ақ сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігін нығайту бағытындағы жауапкершіліктің маңыздылығын жеткізді.
Аудан активі жаңа судьяға алдағы қызметінде табыс тілеп, сот жүйесінің беделін арттыру жолында адал әрі әділ қызмет етеді деген сенім білдірді.
Сот төрелігі – мемлекет тұрақтылығы мен қоғамдағы әділеттіліктің басты кепілі. Сондықтан сот саласындағы әрбір кадрлық шешім халықтың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Жаңа қызметіне кіріскен Еркебұлан Алайдарұлына сот төрелігін жүзеге асыру жолында мінсіз қызмет, әділ шешімдер мен абыройлы еңбек тілейміз.







