Төлеби ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Аудандық коалиция мүшелері қала тұрғындарымен жүздесіп, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын кеңінен таныстырды.
Кездесуге ауданның зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, жастар және қоғам белсенділері қатысып, ел дамуына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Жиында сөз алған коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының басты қағидаттарына тоқталды. Олардың айтуынша, құжаттың негізінде әділеттілік, ашықтық, заң үстемдігі және азаматтардың құқықтарын қорғау принциптері жатыр. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.
Кездесу барысында коалицияның аудандық өкілдері Шырынбек Оңғаров, Бегайдар Тойлыбаев, Азамат Сахов және Кемелхан Оразалиев сөз сөйлеп, Конституциялық реформалардың мазмұнына тоқталды.
Спикерлердің айтуынша, жаңа Конституция – әрбір азаматтың құқығы қорғалатын, билік пен қоғам арасында ашық диалог қалыптасатын әділетті мемлекет құрудың берік негізі.
Коалиция мүшесі Шырынбек Оңғаров өз сөзінде ұсынылып отырған өзгерістердің маңызына тоқталып:
«Бұл реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді. Конституциялық жаңғыру – еліміздің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадам», – деді.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Спикерлер барлық сауалдарға жан-жақты жауап беріп, жаңа Конституция жобасы бойынша түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Жалпы, мұндай кездесулер қоғамда құқықтық мәдениетті арттырып, азаматтардың мемлекеттік реформаларға деген белсенді қатысуына жол ашады.
✍️ Автор: Лаззат Асанова





