Түркістан облысында тағы бір қызық мемлекеттік сатып алу қоғам назарын аудартпай қоймайды.
Түркістан облысының білім басқармасы педагог-психологтардың біліктілігін арттыру үшін 87 360 000 теңге бөлген. Бұл қаражат «РД Эдвайзори» ЖШС компаниясына берілген. Шартқа білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Жандос Маханбетов, ал жеткізуші тараптан директор Нурсултан Наханов қол қойған.
Құжаттағы мақсат — өте «әдемі»: суицидтік үрдістердің алдын алу, агрессивті мінез-құлықты түзету, педагог-психологтарды оқыту.
Бірақ қоғам бір ғана сұрақ қояды: 87 миллион теңге жұмсалған соң Түркістан облысында не өзгерді?
87 МИЛЛИОН – БІР ҚЫЗМЕТ
Құжатқа қарасаңыз, қызық жағдай көрінеді. Лотта бар болғаны бір қызмет көрсетілген: «Персоналды оқыту қызметі».
Бағасы: 87 360 000 теңге. Яғни: бір қызмет, бір жеткізуші, ондаған миллион теңге. Бұл жерде кез келген салық төлеуші сұрайды: Бір оқыту қызметі қалайша 87 миллион теңгеге бағаланды?
ТҮРКІСТАНДА ПСИХОЛОГ ЖОҚ ПА?
Тағы бір қызық нәрсе. Бұл қызметті Түркістандағы университеттер емес, Түркістандағы педагогикалық институттар емес, Түркістандағы тәжірибелі психологтар емес, Алматыдағы “РД Эдвайзори” ЖШС орындап отыр.
Сонда Түркістан облысында мыңдаған мұғалімді оқытатын бірде-бір ғылыми орталық немесе университет жоқ па?
Әлде 87 миллиондық психология Алматыдан ғана табылады ма?
СУИЦИД АЗАЙДЫ МА?
Ең маңызды сұрақ – нәтиже. Бағдарлама мақсаты: суицидтің алдын алу дағдарыстық психологиялық жағдайларды түзету, агрессияны азайту. Бірақ қоғам нақты дерек күтеді.
87 миллион теңге бөлінгеннен кейін: мектептердегі суицид фактілері азайды ма? буллинг азайды ма? Балалардың психологиялық жағдайы жақсарды ма?
Егер нәтиже жоқ болса, онда бұл мемлекеттік бағдарламаның емес, қаржы игерудің көрінісі болып шықпай ма?
ПСИХОЛОГИЯ НЕМЕСЕ БЮДЖЕТ «ПСИХОЛОГИЯСЫ»?
Мемлекеттік сатып алу жүйесінде бір заңдылық бар: ақша көп жерде – сұрақ та көп. Бұл жерде де бірнеше маңызды мәселе бар: баға қалай есептелді? Бір педагог-психологты оқыту қанша теңгеге түсті? қанша маман оқытылды? Бағдарламаның тиімділігін кім бағалады?
Ең бастысы: 87 миллион теңгенің әр тиынына кім жауап береді?
ҚОҒАМ ЖАУАП КҮТЕДІ
Балалардың өмірі – жай статистика емес. Суицид – жай жоба тақырыбы емес. Бұл – қоғамның ең ауыр мәселелерінің бірі. Ал мұндай мәселеге бөлінген 87 миллион теңге жай ғана тренинг, презентация және сертификатқа кетсе – онда бұл қоғам алдында өте ауыр сұрақтарға әкеледі.
СҰРАҚ ТІКЕЛЕЙ
Түркістан облысының білім басқармасы басшысының м. у. а. Жандос Маханбетовке және жеткізуші компания директоры Нурсултан Нахановқа қоғам атынан бірнеше сұрақ: 87 360 000 теңгеге нақты қандай жұмыс атқарылды? Қанша педагог-психолог оқытылды? Нақты нәтиже қандай? Бұл жобаның тиімділігі қалай өлшенді? Егер нақты нәтиже көрсетілмесе, қоғамда бір ғана күмән қалады: Бұл балаларды құтқаруға арналған бағдарлама ма, әлде 87 миллиондық бизнес-жоба ма?
Журналист Лаззат Асанова


