Кентау қаласында мемлекеттік сатып алу саласында тағы бір қызық келісімшарт пайда болды. Құжаттарға қарасақ, Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» бюджет қаржысына жеңіл автокөлікті жүргізушісімен бірге жалға алу қызметін сатып алған.
Келісімшарт сомасы — 2 870 000 теңге.
Жеткізуші — Green Construction атты жеке кәсіпкер.
Бір қарағанда заңды мәміле сияқты. Бірақ мұндай келісімшартты көргенде қоғамда заңды сұрақтар туындайды.
БІР КӨЛІК – БІР ҚЫЗМЕТ – 2,8 МИЛЛИОН
Құжаттағы қызмет атауы: «Жүргізушісімен бірге жеңіл автокөлікті жалға беру қызметі».
Яғни: бір ғана көлік, бір жүргізуші, бір қызмет
Ал бағасы — 2 миллион 870 мың теңге.
Енді қарапайым есеп жүргізіп көрейік. Бұл көлік: бір айға жалданды ма? үш айға ма? әлде бір жылға ма?
Құжатта қызмет мерзімі нақты көрсетілмеген.
Егер бұл бір жылдық жалға алу болса — айына шамамен 240 мың теңге.
Ал егер бірнеше айға ғана болса — онда бұл баға тіпті түсініксіз болып кетеді. Сонда еріксіз сұрақ туады: Кентау әкімдігі қандай көлік жалдап отыр? Maybach па? Lexus LX пе? әлде ерекше VIP көлік пе?
Өйткені қарапайым қызметтік көлікті мұндай бағамен жалға алу — базар бағасымен мүлде сәйкес келмейді.
ӘКІМДІКТІҢ ӨЗІНДЕ КӨЛІК ЖОҚ ПА?
Бұл қызметті сатып алған — Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.
Ал мемлекеттік мекемелерде әдетте: қызметтік автокөлік, гараж, штаттағы жүргізушілер- бәрі болады.
Сонда Кентау әкімдігінің өз көлігі жоқ па? Егер бар болса, неге бюджеттен тағы 2,8 миллион теңге жұмсалып, көлік жалданады? Бұл сұраққа қала әкімдігі нақты жауап беруі тиіс.
НЕГЕ КОНКУРС БОЛМАҒАН?
Құжатта сатып алу бір көзден жүргізілгені көрсетілген. Иә, заңда мұндай тәсіл бар. Бірақ тәжірибеде ол көбіне: конкурсты айналып өтуге, бәсекені шектеуге, алдын ала келісілген жеткізушіні таңдауға- жол ашатын ең күмәнді тәсілдердің бірі болып саналады.
Сондықтан қоғамда тағы бір сұрақ туындайды: Неге ашық конкурс өткізілмеді? Егер конкурс болса, мүмкін баға әлдеқайда төмен болар ма еді?
БЮДЖЕТ — ӘКІМДІКТІҢ ЖЕКЕ ҚАРЖЫСЫ ЕМЕС
Мемлекеттік сатып алу — жай ғана келісімшарт емес. Бұл — халықтың ақшасы. Сондықтан Кентау тұрғындары мына сұрақтарға жауап күтеді: Неге дәл осы кәсіпкер таңдалды? Неге конкурс өткізілмеді? Неге әкімдік өз автокөлігін пайдаланбайды? Бір көлік үшін 2,8 миллион теңге қаншалықты негізді? Егер бұл сұрақтарға нақты жауап берілмесе, онда қоғамда күдік туындауы заңды. Өйткені бюджет — шенеуніктердің жеке әмияны емес. Ал бюджет ақшасына әр теңгенің есебі болуы тиіс.
✍ Автор: Лаззат Асанова «Аймақ тынысы KZ» газетінің тілшісі

