Бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, буллингтің және психологиялық қысымның алдын алу. Өйткені өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығы – ел болашағының кепілі. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізу мақсатында Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты №20 Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясында 8–11 сынып оқушыларына арналған «Құқық бұзушылықтың, буллинг пен өзіне зиян келтіру әрекеттерінің алдын алу» тақырыбында кездесу өтті.
Жиынға Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудан прокурорының орынбасары Мерлан Шотыков, аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Ендібаев, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, мектеп әкімшілігі, педагог-психологтар және сынып жетекшілері қатысты. Сонымен қатар аудан бойынша 84 білім беру ұйымы аталған кездесуге қашықтықтан қосылып, маңызды тақырып аясындағы пікір алмасуға куә болды.
Кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, отбасы, мектеп және қоғам арасындағы өзара байланыс неғұрлым берік болса, жас буынның құқықтық мәдениеті де соғұрлым жоғары қалыптасады.
Ал аудан прокурорының орынбасары Мерлан Айтбекұлы білім беру ұйымдарында оқушылармен тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтты. Ол оқушыларға құқықтары мен міндеттері жөнінде кеңінен түсіндіріп, заң талаптарын білу әр азамат үшін маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар жасөспірімдердің еңбек ету уақыты, құқық бұзушылықтың себептері, заңсыз әрекеттің куәгері болған жағдайда қандай қадам жасау керектігі туралы нақты түсіндірмелер берілді.
Кездесу барысында «Заңды білмеу жауапкершіліктен босата ма?» деген сұрақ төңірегінде де пікір қозғалды. Мамандардың айтуынша, заң талаптарын білмеу азаматты жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан құқықтық сауаттылық – әр адамның өміріндегі маңызды фактор.
Жиында қазіргі қоғамда кең таралған мәселелердің бірі – буллинг пен кибербуллингке де ерекше назар аударылды. Әлеуметтік желілердің кең таралуы жасөспірімдерге жаңа мүмкіндіктермен қатар түрлі қауіп-қатерлерді де алып келгені белгілі. Спикерлер оқушыларға интернет қауіпсіздігі, жеке мәліметтерді қорғау, күмәнді сілтемелерге кірмеу және интернет алаяқтарының түрлі айла-тәсілдері туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар «дропперлер» ұғымы мен оның заңдық салдары да айтылды.
Жиын барысында мектеп мүлкіне зиян келтірудің жауапкершілігі, көлік құралдарын басқару тәртібі, сондай-ақ тұрмыста кездесетін қауіптердің бірі – газдан улану жағдайлары жөнінде де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция өкілдері жоғары сынып оқушыларына кәмелетке толмағандардың көлік басқаруына заң бойынша тыйым салынатынын ескертіп, мұндай жағдайда ата-аналардың жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Кездесуде оқушыларды алаңдататын өзекті мәселелер де ашық талқыланды. Жасанды интеллекттің қоғамға әсері, синтетикалық есірткілердің зияны, бос уақытты тиімді пайдалану сияқты тақырыптар қозғалып, жастарға салауатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу және кітап оқуға көңіл бөлу жөнінде кеңестер берілді.
Жалпы, мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қауіпсіздік мәселелеріне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Себебі өскелең ұрпақтың саналы, заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуы – мемлекеттің тұрақты дамуының басты негіздерінің бірі.
Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – жас буынды құқықтық сауатты, рухани тұрғыдан мықты әрі жауапкершілігі жоғары азамат ретінде тәрбиелеу. Ал бұл мақсатқа жету үшін мектеп, ата-ана және қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Журналист Лаззат Асанова







