«Аймақ тынысы» газетінің редакциясына Созақ ауданы әкімдігінен KXSZ-12 «Созақ–Бақырлы–Ақсүмбе» автомобиль жолының жөндеу жұмыстарына қатысты ресми жауап келіп түсті. Қағаз жүзінде бәрі дұрыс сияқты: келісімшарт бар, мердігер бар, миллиондаған теңге бөлінген. Бірақ қоғамды алаңдатқан негізгі сұрақтарға нақты жауап табылмай отыр.
Ресми мәліметке сүйенсек, аталған жолды орташа жөндеу үшін «Югдострой» ЖШС-мен 2025 жылы 185 миллион теңгеге, ал 2026 жылы 581 миллион 864 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Жалпы сомасы – 766 миллион 864 мың теңге. Бұл – бір аудандық жол үшін аз қаражат емес.
Алайда бұнымен бәрі бітпейді. Жоспарланған жұмыс көлемі ұлғайды деген уәжбен қосымша келісімшарт жасалып, тағы жүздеген миллион теңге бөлінген. Құжатта 2025 жылға 300 миллион 986 мың теңге, ал 2026 жылға 465 миллион 878 мың теңге қосылғаны көрсетілген. Яғни бастапқы сомадан бөлек тағы қомақты қаржы жұмсалмақ.
Мұндай жағдайда қоғамда заңды сұрақ туындайды: Жолдың нақты құны қанша? Неге бастапқы смета дұрыс есептелмеген? Неге жұмыс басталмай жатып, қаржы бірнеше рет көбейеді?
Өкінішке қарай, бөлім басшысы Е. Амановтың жауабында осы сұрақтарға нақты түсініктеме жоқ. Керісінше, сұралған құжаттарды «мемлекеттік сатып алу веб-порталынан көруге болады» деген қысқа жауаппен шектелген. Бұл – ашықтыққа емес, жауапкершіліктен жалтаруға ұқсайды.
Журналистік сұраныс – формальды жауап алу үшін емес, қоғамға маңызды ақпаратты анықтау үшін жасалады. Егер мемлекеттік орган барлық мәліметті порталдан іздеуді ұсынса, онда ресми жауап берудің өзі не үшін қажет?
Тағы бір күмәнді мәселе – құжаттағы қаржы көлемінің жазылу форматы. Кейбір жерінде «мың теңге» деп көрсетілген. Егер бұл сол күйінде дұрыс болса, онда жоба құны миллиардтаған теңгеге жетіп кетеді. Мұндай өрескел техникалық қате мемлекеттік құжатта қалай кетуі мүмкін?
Созақ ауданы тұрғындарын толғандыратын мәселе – қағаздағы есеп емес, жолдың сапасы. Өйткені ауылдық жолдардың жағдайы әлі де сын көтермейді. Миллиондар бөлінгенімен, нәтиже көзге көрінбесе, халықтың күдігі де арта береді.
Бюджет қаржысы – халықтың ақшасы. Сондықтан әр теңгенің қалай жұмсалып жатқанын қоғам білуге тиіс. Ал мемлекеттік органдардың міндеті – нақты, толық және түсінікті ақпарат беру.
Егер бұл мәселеге қатысты ашықтық болмаса, онда қоғам тарапынан сұрақ та, бақылау да көбейе беретіні анық.
Лаззат Асанова
«Аймақ тынысы KZ» редакциясы бұл мәселені бақылауда ұстайтын болады.
